26 Ақпан, 2015

Жігіті ұнамағаны үшін қызын «жазалады»

276 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Шарайна Шарайна 26 02 2015-1Ата-анасына қызының жігіті ұнамағандықтан, олар қызын алты жыл бойы қорада қамап ұстапты. Жағдай Қытайдың Хубей провинциясындағы Жинганг селосында болған. Антисанитарлық жағдайда ұсталған қыздың фотосуретін интернетке жергілікті тұрғын Чоу Джен деген орналастырыпты. Оның айтуына қарағанда, ата-анасы Чжан Циді бірнеше рет ұнатқан жігітімен қашып кетуге әрекет жасағаннан соң, 2009 жылы қораға қамап тастаған.  Ал бойжеткеннің ата-анасы жүйкесі ауыратындықтан, қызының қауіпсіздігі үшін қамап ұстағандарын алға тартқан. Чоу Дженнің мәлім етуінше, қазір полиция осы оқиғаны тексеруді қолға алған. Бұдан жергілікті тұрғындар мен полиция бұрыннан хабардар болса керек. Оның осынша уақыт жария етілмеуі қыз ата-анасының ықпалды адамдар болғанына байланысты сияқты. Еуропа раввиндерінде үрей бар Еврейлерге бірнеше рет шабуыл жасалғаннан кейін, Еуропа раввиндері болып қалуы ықтимал жаңа шабуылдарға дайындалу қажет деп шешті. Осыған байланысты олар Прага қаласындағы кездесулері кезінде өзін-өзі қорғаудың және зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетудің әдіс-тәсілдерін үйренді. Тренингке 100-ге жуық раввин келіпті. Олар суық қарудан қалай қорғанудың, оны денеге дарытпаудың әдісін меңгерген. «Ассошейтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, тренингке қатысушылардың барлығы бұл «жаттығуға» байсалдылықпен қараған. Мұндай тренингтерді енді Еуропаның өзге де елдерінде ұйымдастырмақ. Осы жылдың ақпанында Копенгагенде синагоганың еврей күзетшісі атып өлтірілген еді. Үш адамды мерт еткен дүкендегі атыс Оңтүстік Кореяның Седжон қаласындағы дүкенде бір адам оқ жаудырған және өрт қойған. Соның салдарынан үш адам қаза тапты. «Ассошейтед пресс» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, біраз уақыт өткен соң, оқ атқан адамның өлі денесі табылған. Ол өзін-өзі өлтірген деген болжам жасалып отыр. Құрбан болғандар бір-біріне туыс болса керек. «Ренхап» агенттігінің келтірген мәліметтеріне қарағанда, күдікті қылмысын жасыру үшін дүкенді әдейі өртеп кеткен. Полиция күдікті бұрын оққа ұшқандардың бірінің қарындасымен жақын қарым-қатынаста болғанын айтады. Содырлар адам ұрлағанды үдетіп барады Шарайна 26 02 2015-2«Ислам мемлекеті» тобының содырлары Сирияның солтүстік-шығысында орналасқан христиандар тұратын елді мекендерден 90-ға жуық адамды ұрлап кеткен. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, христиандар елдің осы аумағында бірнеше ғасырдан бері тұрып келеді. Олардың саны Сириядағы азаматтық соғыс салдарынан біршама азайған. Ақпан айының орта  шенінде «Ислам мемлекетінің» содырлары мысырлық 21 христианды өлім жазасына кескен бейнеролик таратқан болатын. Осының алдында содырлар Ирактың Мосул қаласында 16 адамды өртеп жіберген еді. Найзағай отының құрбаны болды Танзания еліндегі бір мектепке жай түсіп, бір мұғалім мен төрт оқушыны мерт етті. Бұл кезде сыныпта 22 оқушы болған екен. Қайғылы жағдай елдің шығысындағы Ньякасан елді мекенінде орын алған. Жергілікті басылымдардың жазуына қарағанда, оқушылар мен оқытушы найзағайдан қорғанудың барлық амалдарын жасаған көрінеді. «Жай оты бір сыныпқа ғана түсті. Бес адам найзағайдың құрбаны болды және 17 бала жарақат алды», – деп мәлімдеді жергілікті әкімшілік өкілі Кигома Уильям Литухи. Айта кетейік, 2013 жылы қаңтарда осы елдің аумағында Ирландияның альпинисі Иэн Маккивер Килиманджаро шыңына өрмелеп бара жатқан кезде жай түсіп, қаза тапқан еді. Иіс сезгіштігі иттерден де күштірек Шарайна 26 02 2015-3Оңтүстік Африкада Йоханнесбург қаласының маңындағы фермалар­дың бірінде пілдерді мина іздеуге үйрету қолға алынған. «Оқу курсын» АҚШ-тың әскери-зерттеу ұйым­­дарының қатысуымен оңтүстік­­­­­африкалық компания ұйымдастырған. Компания маманы Шон Хенсменнің айтуынша, Африка пілдерінің иіс сезу қабілеті иттерден де күштірек. Олар жер астына жасырылған минаны алыстан таба білуге қабілетті. Сынақтан өткізушілер қазірдің өзінде біршама ілгерілеушілікке қол жеткізген сияқты. Бұған мысал ретінде олар 17 жастағы Чишуру атты піл қатар қойылған шелектерді иіскеген кезінде, тротил салынғандарын сезіп тоқтай қалып, алдыңғы аяқтарының бірін көтергенін келтіреді. Минадан тазарту шараларына пілдерді пайдалану идеясын алғаш рет анголалықтар қолға алыпты. Қысқа қайырып айтқанда: *Чад елінің әскерилері Нигерияның Гарамбу қаласының маңында «Боко харам» терроршыл тобының 207 содырының көзін жойды. Сонымен бірге, үлкен көлемде қару-жарақ пен оқ-дәріні қолға түсірді. * Оқу-жаттығу кезінде Түркияның екі әскери ұшағы соқтығысып қалып, төрт ұшқыш қаза тапты. Қайғылы оқиғаға ауа райының қолайсыздығы себеп болған сияқты. * АҚШ президенті Барак Обама Канададан тартылатын құбыр құрылысы туралы заң жобасына вето қойды. Бұл заң жобасына 270 депутат жақтап, 152 депутат қарсы дауыс берген еді. * Әзербайжан парламентінің депутаттары Ресейге КСРО-ның құқықтық мұрагері ретінде Баку қаласына батыр қала атағын беруді ұсынды. Интернет материалдары негізінде әзірленді.